Бүгін елдің қоғамдық саяси өмірінде маңызды һәм тарихи оқиға - Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау мәреге жетті. Облыс бойынша 533 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның ішінде Өскеменде 122 сайлау учаскесі дауыс берушілерге есігін айқара ашты. Өз таңдауын жасағандардың қатарында жастар, көпбалалы ата-аналар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Өңірге танымал тұлғалар да маңызды шарадан шет қалмады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі  Даниал Ахметов №9 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Мұнда елдің ертеңіне алаңдап азаматтық көзқарасын танытқан халықтың қарасы көп болды. Аймақ басшысы сайлау учаскелеріндегі жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.

Аймақтағы танымал тұлғалар да саяси науқаннан шет қалған жоқ. Олардың қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Спортшы өзінің құқығын пайдаланып, таңдау жасау үшін №47 мектепте орналасқан №2 сайлау учаскесіне барды.

Қартайған шағында да ел тағдырына бейжай қарамай дауыс беріп жатқан өңір қариялары да бар. Анастасия Светочева күш қайрат пен жігері қажымаған жан. Денсаулық жағдайына байланысты сайлауға бара алмады.Сайлау учаскесі бойынша тіркелген үйге комиссия мүшелері тасымалдау жәшігін арнайы апарды. Кейуана осылайша өз таңдауын жасады.

Саяси науқанға жүкті әйелдер, жас босанған аналар мен перзентхана қызметкерлері де белсене қатысты. Олар облыстық Ана мен бала орталығындағы №60 сайлау учаскесінде  өз таңдауларын жасады. Эльвира Райанова, жас ана. Ол күннің суығында сайлау учаскесіне жүгірмей-ақ,  мекеме ішінде дауыс беруге мүмкіндік жасалғанына дән риза.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінің 800-ден астам сарбазы қатысып, өз таңдауларын жасады. Әскери қызметшілер бүгінгі күннің маңыздылығы мен жауапкершілігі жоғары, сондықтан ел тарихында қалар ерекше оқиға деген пікірде.

Ұлттық ұланның  "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде  отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар да саяси науқаннан қалыс қалмады. Олар  әскери бөлімнің аумағындағы сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады.

Елде өткізіліп жатқан сайлауға облыс орталығының тұрғындары бір кісідей ат салысып, айрықша азаматтық белсенділік танытты. Тұрғындардың басым бөлігі дауыс беріп үлгерді.