Аймақта көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында түрлі шаралар іске асырылып келеді. Мәселен, тұрғын үймен қамту, балабақшаға орналастыру сынды бастамалар сәтті жүргізілуде. Ал 2019 жылдан бастап көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндер облыстық бюджет есебінен балабақшаларға тегін барады. Осындай отбасылардың бірі – Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылында тұратын Елубаевтар жанұясы.

Ақмарал Хамзина 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.  «Алтын алқа» иегері. Үлкен балалары облыс орталығында тұрады. 3 баласы Тұғылда Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте білім алады. Ал қалған 3 бүлдіршін  «Жасұлан» балабақшасына барады. Алтын алқалы ананың айтуынша, балаларға мектепте де балабақшада да барлық жағдай жасалған.

Көпбалалы ананың балалары баратын «Жасұлан» бөбекжайында 150 бала тәлім алады. Оның ішінде 78 бүлдіршін тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, мемлекеттің  қаржылық қолдауы көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек. Бүгінгі таңда облыс бойынша  3185 бала тегін балабақшаларға барады.