Облыс орталығында дәстүрлі сенбілік жәрмеңке өтті. Бұл жолы ауыл шаруашылық өнімдерін Глубокое ауданы әкелді. Сатылымға  ірі қара етінен бастап, құрт – майға дейін қойылды. Келушілердің көңіл күйі мен азық – түліктің бағасын тілшіміз біліп қайтты.

Күн ұясынан шыққаннан-ақ тұрғындар жаяулатып, көлікпен сауда орнына қарай ағыла бастады. Үйреншікті жәрмеңке. Қала тұрғындары ауылдағы ағайыннан күтетін негізгі өнімі – ет. Аудандағы жәрмеңкеге жеткізілген жылқы, сиыр мен қой еті лезде тарады. Оның үстіне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бағаны бекітіп берген. Азаматтардың қалтасы көтеретіндей, қолжетімді баға қойылды.

Ет, сүт, егістік алқабына бай аудан базарлықтарын халық алдына жайды. Сауда сөрелерінде әсіресе, ет өнімдерінің түр-түрі тұрды. Қала халқы жәрмеңкеге сапалы және экологиялық таза өнімдер сатып алу үшін келген. Дәстүрлі жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімдері нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен сатылады. Ал, бұған халық дән риза.

Таңсәріден өз жұмысын бастап кеткен кәсіпкерлер бұл жолы да тұтунышыларды сапалы өніммен қамтамасыз етті. Глубокое ауданының тұрғыны Рустам Алексеев жәрмеңкеге күнбағыс майын әкелді. Оның айтуынша, азық – түлік бағасы сапасына сай келеді.

Тауар өндірушілер мен тұтынушы үшін таптырмас жәрмеңке қос тарапқа да тиімді. Тұрғындар таза, жергілікті тағамдарға қол жеткізсе, кәсіпкерлер өнімін өткізетін алаң табылғанына дән риза. Қала тұрғындары ұйымдастырушылардан осындай жәрмеңкені айына кем дегенде бір рет ұйымдастырып тұруларын өтінді.