Облыс орталығында сегізінші шақырылымдағы Өскемен қалалық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті. Жиында бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланған халық қалаулылары таныстырылды. Одан бөлек, тұрғындар үшін өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Шерубаев қалалық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысын жариялады.
Жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер мен белгілер салтанатты түрде табысталды. Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы да тағайындалды. Депутаттар Александр Светаштың кандидатурасын қолдап, бұл орынға лайық деп таныды.
Қалалық мәслихаттың биылғы құрамы да әр түрлі. Олардың арасында ел мүддесі жолында талайдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі халық қалаулыларымен қоса, жаңадан қатарға қосылған 5 жас депутат бар. Облыс орталығының әкімі Жақсылық Омар ресми  түрде іске кіріскен қалалық мәслихат депутаттарын құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Депутаттар дауыс беру арқылы тұрғындар үшін маңызды, негізгі салаларға жауапты комиссия басшыларын сайлап, оның құрамы жаңадан жасақталды. Сондай-ақ, басқосуда тіл жанашыры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, № 11 сайлау округінен сайланған депутат  Надежда Шушаникова тарапынан мемлекеттік тілге қатысты мәселе көтерілді.
Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым сессиясында қаланы дамыту бойынша күн тәртібіндегі өзекті мәселелер ортаға салынды. Алдағы уақытқа жоспарланған кешенді шаралар легі талқыланып, оларды орындау бойынша сұрақтар пысықталды.