Өскеменде «Ұлы дала алтыны көрмесі» ұйымдастырылды. Онда аймақтағы қазба жұмыстары барысында табылған көне жәдігерлер қойылды. Айта кетейік жақында экспозиция бірегей тарихи мәнге ие артефактілермен толықтырылған болатын.
Бұл бірегей жәдігерлер Берел, Қарақаба, Елеке сазында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған еді. Қазіргі таңда өткен тарихтан сыр шертетін артефактілер қалпына келтірілді. Бұл іске мұрындық болған белгілі археолог Зейнолла Самашев. Ол өткен ғасырлардағы адамдардың бейнелерін дәл қалпына келтіру үшін қажырлы еңбек етті. Бірнеше айын, алтын уақытын осы іске арнады. Қарақаба қорымынан табылған маңызды артефактілер көптің назарын өзіне аударды. Онда жерленген адам біздің заманымызға дейінгі 8 ғасырда өмір сүрген көрінеді.
Катонқарағай ауданының ерекше климатының арқасында археологтар мұзда жақсы сақталған көптеген тарихи жәдігерлерді тапты. Бұл зерттеушілерге маңызыды көптеген пайдалы ақпарат береді.
"Ұлы дала алтыны" көрмесі археологтардың да, әлемнің түрлі елдерінен келген тарих әуесқойларының да назарын өзіне аударады. Экспозиция қала тұрғындары мен қонақтарын бірнеше апта бойы қуантпақ. Ұйымдастырушылар жаздың басында Татарстан Республикасынан келетін туристерді де қабылдауды жоспарлап отыр.