Ұлтаралық келісім идеясын ұстанған Қазақстан әлемдік аренада көпке үлгі бола білді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің барлық өңірлерінде ұлт пен ұлысты ұйыстырған, түрлі салт-дәстүрді бір арнаға тоғыстырған «Достық үйлері» пайда болды. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы достық пен береке-бірліктің, татулық һәм бейбітшіліктің символына айналған мұндай нысанды, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан болатын. Сол кезде ШҚО халқы кіші ассамблеясының жұмыс тәжірибесін Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі зерттеп, елдегі барлық облыс әкімдеріне қолдануды ұсынды. Қазіргі таңда, Өскемендегі Достық үйінде 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Достық үйі жанынан ШҚ халқы ассамблеясының жастар қанаты мен ғылыми- сараптамалық Кеңесі де құрылды.Қазіргі таңда этносаралық және конфессияаралық қатынастар мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы маңызды құрал. Қазақстанда ұлтаралық бірлік пен діни бейбітшілікті сақтау - баршаға жүктелген басым міндет. Аймақтағы этно-мәдени бірлестік өкілдері өңір тұрғындарын келе жатқан 1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіруде. Облыстық Ассамблея мүшелері ТЖ уақытында қайырымдылық шараларынан да шет қалмады. Еріктілерден құралған топ көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созды.