Өңірде грек-рим күресі қарыштап дамып келеді. Аймақтың спортшылары тамыз, қыркүйек айында өтетін Азия ойындары мен Әлем біріншілігіне жолдама алған. Дайындықтары да қызу.
Әлем біріншілігіне дейін, маусым айында Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатқа 23 жасқа дейінгі спортшылар қатысады.Ол додаға Шығыс Қазақстаннан боз кілем төріне екі бірдей палуан көтерілмек. Бірі, Ермахан Көшкінбаев. Ол үйдің үшінші баласы. 10 жылдан бері грек-рим күресімен айналысады. Көк туды әлем көгінде желбірету мақсатым, дейді.
Мұндағы балуандардың жаттықтырушыларына деген алғысы айрықша. Жеңіс биігінен көрініп жүргені солардың есіл еңбегі екенін айтады. Жетекшілерінің үмітін ақтауды борш деп таниды.
Айбек Сабырбеков те үкілеген үміттердің бірі. Болашағында талай белестерді бағындырарына жаттықтырушылары кәміл сенеді.
Бұл күні облыста жас буынды грек-рим күресіне дайындайтын 8 жаттықтырушы жұмыс істейді. Облыстық грек-рим күресінен ересектер арасындағы бас бапкер Мереке Еркешұлы. Осы салада жүргеніне 14 жыл.
Қазіргі таңда Өскемен қаласы бойынша 200-ге жуық адам грек-рим күресімен айналысады. Оның 20 ересектер болса, қалғаны оқушылар. Алдағы уақытта өңірдегі барлық аудандарында грек-рим үйірмесін ашу көзделген.