Аймақтағы шалғай аудандарды сапалы интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 363 елді мекеннің 166-ы 3G және 4G желісіне қосылған. Алдағы уақытта 80 елдімекенде мобильді интернет жылдамдығын арттыру жоспарлануда.
Сапалы интернет мүмкіндікті арттырып, қолды қысқартпақ. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Рүстем Досқожаның айтуынша, ақпан айында 2600-ге жуық тұрғыны бар 7 елді мекенде интернет желісі тартылды. Наурыз айында 2500-ге жуық халқы бар 6 ауыл ғаламторға қол жеткізді.
Алдағы уақытта 80 елдімекенде мобильді интернет жылдамдығы жоғарыламақ. Сондай-ақ, 16 ауыл облыстық бюджет есебінен 19 антенна-діңгекпен қамтылады.
Облыс әкімінің ситуациялық орталық базасында қазіргі уақытта тұрғындарды Интернет және сапалы байланыс қызметтерімен қамту бойынша арнайы кейс жұмыс істеп жатыр. Мұнда диаграммалар арқылы халықтың ғаламтор желісімен қамтылу деңгейі нақты көрсетілген. Талдау жасау арқылы бұл салаға бөлінетін қаражат та нақтыланады,-дейді мамандар.