Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жерлес жазушы, сыншы, ұстаз Айзат Рақыштың «Сырға толы Айзат әлемі» атты шығармашылық кеші А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті. Жазушының Шығысқа келудегі басты мақсаты – өз оқырмандарымен көрісу, ой бөлісу.
Айзат Рақыш – соңғы проза әлемінде тың тіркес, жаңаша сарынымен ерекшеленген жас қаламгерлердің бірі. 2015 жылы «Өлгендер қайтып келеді» тұңғыш прозалық жинағының тұсауын кесіп, оқырмандарына ұсынды. Бұл кітап үлкен қаламгерлер тарапынан оң бағасын алып, оқырмандарының жылы ықыласына бөленді. 2018 жылы автор өзінің екінші прозалық жинағының тұсауын кесіп, оқырмандарына «Мұз үстіндегі қызғалдақ» шығармасын ұсынды. Сонымен қатар, Айзат Рақыш 100-ден астам мақалалардың авторы.
Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді жұртшылық назарына ұсына білу қаламгердің қанына сіңген. Жазушы өз шығармаларында өмір шындығын суреттейді.
Кездесу барысында жазушы өзінің шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісіп, өз туындыларындағы басты тақырыптар туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, сиясы кеппеген жаңа хикаятының тұсауын кесті.