Білім беру жүйесінде жаңа технологияларды пайдалану – заман талабы. Бұл бағытта облыста бірқатар ілкімді шаралар қолға алынған. Мәселен, Күршім ауданындағы №1 Марқакөл орта мектебінде биыл STEM зертханасы ашылды. Заманауи кабинет оқушылар үшін түрлі ғылым негіздерін жетік игеруге жол ашты.
STEM – зертханада жас ғалымдар өздерінің ойда жүрген жобаларын жүзеге асырады. Мұнда оқушылар физика, химия, биология пәндерін тек теория жүзінде оқып қана қоймай, тәжірибе жасап көре алады.  
STEM – зертхана мектеп оқушыларының роботехника саласы бойынша түрлі сайыстарға белсенді қатысып, өз жетістіктерін танытуға мүмкіндік берді. Жас өнертапқыштар «Robottime» байқауының облыстық чемпионатының аудандық кезеңінде бірнеше номинация бойынша жүлделі орындарға ие болған.
Мамандардың айтуынша, бұл зертхана оқушылардың сыни ойлау дағдысы мен шығармашылық қиялын дамытады. Жастайынан заманауи шеберханада білім алған өрендерден болашақта білікті мамандар шығатыны сөзсіз.