Зайсан ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету шаралары қарқынды. Ал мұндай игілікті бастамаларды бірнеше жылдан бері «Зайсан Жастары»мүгедек жастардың қоғамы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып келеді. 2015 жылдың  1 наурызынан бастап  бірлестікте «Дәрмен» күндізгі бейімдеу  орталығы ашылды. Мекеме алғашқы жылы 15 балаға  әлеуметтік қызмет көрсетсе, кейіннен қызмет алушылар саны күн санап артқан.
Ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған Мырзахановтар әулеті орталықтың жұмысына дән риза. 2016 жылы нәрестесі дүние есігін ашқанда дін аман болған. Алайда 5 ай уақыт өткен соң сәбиіне тірек-қимыл аппаратына зақым келген деген диагноз қойылған. Нәтижесінде 2 рет ота жасалып, бұрыңғыдан қарағанда баласының беті бері қараған. Жақында кезекті ем-домын қабылдауға Новосибирск қаласына аттанбақ.
Мекеме 18 жастан асқан I-II топ мүгедектігі бар азаматтарға да қызмет көрсетіледі. Емдік жаттықтыру шараларын нәтижелі ету үшін мұндағы қызметкерлер Астана, Алматы, Өскемен қалаларындағы  арнайы орталықтармен тәжірибе алмасып отырады. Бұдан бөлек ақылы түрде білікті мамандар шақырылып балаларға ем –дом жүргізу қарастырылған.
Орталық бүгінде түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда. Ал, одан түскен қаражат Алихан Мырзаханның кезекті отасы үшін жұмсалмақ. Дәл осылай «Дәрмен» бейімдеу орталығы ата-аналарға демеу көрсетуде.