Биыл қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165, әнші, белгілі шәкәрімтанушы Келденбай Өлмесековтің 70 жылдық мерейтойы қатар келді. Осыған орай жақында А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» атты еске алу кеші өтті.
Абайдай ұстаздан тәлім алған Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ халқына рухани азық болар мол мұра қалдырды. Атап айтсақ, оның өлең-дастандары, мысалдар, нақыл сөз, проза, қара сөздер, аудармалары бар. Сондай-ақ, ақынның артында қалған көптеген әндері де жетерлік.
Кеш қонақтары Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректерге қанық болды. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері көрмеге ақын қаламынан тамған көптеген шығармаларды ұсынды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының әндерін ел санасына сіңіріп, жадында қалуына ерекше үлес қосқандардың бірі - Күршім ауданының тумасы, шәкәрімтанушы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Келденбай Раузаұлы Өлмесеков.
Басқосуда Келденбай Өлмесековтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұраған жанға сәлем айт…» атты алғашқы кітабы оқырман назарына ұсынылды.