Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының мамандары ауылдарға арнайы барып, интернеттің сапасын, жылдамдығын тексереді. Бұл жолы сала мамандары Тарбағатай ауданына қарасты Шорға ауылына ат басын бұрды.
Бір жыл бұрын Шорға ауылында станция іске қосылып, мобильді байланыспен қатар, 3G жылдамдықты интернеттің тартылғанына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатты қуанды.Алайда, көзіміз ашылып, сапалы интернет мүмкіндіктерін пайдаланамыз деген халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі күні кеше ғана қойылған мұнарадан еш әсер болмады.Баяғы жартас сол жартас. Ғаламтор кей жерде өте әлсіз кей жерде мүлдем жоқ.

Ауылдағы базалық станция «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС тиесілі. Тұрғындардың айтуынша, сапасыз ғаламторға шағымданып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Жап-жаңа мұнараның не себепті осынша әбігерге салғаны белгісіз.  «Мамандар келіп жөндеу жүргізгеннен кейін екі сағаттай істеп тұрады. Олар кеткен соң қайтадан істен шығады», - деп налиды жұрт.

Сонымен қатар, станцияның жеке трансформаторы жоқ. Ол тікелей осы ауылдағы бір тұрғынның үйінен қуат алып отыр. Ал оның желісі еш қауіпсіздік шаралары  сақталмай жердің үстімен жалғана салған. Сол маңнан жүріп өткен адам, аң-құс болсын тоққа түсу қаупі жоғары.
Тұрғындардың сөзінше, мердігер ұйым 20 маусымға дейін барлық олқылықтарды түзетуге уәде берген. Ал тексеру жұмыстары әлі де жалғасады. Бұл жұмыстар болашақта өңірдегі барлық ауылдарды сапалы ғаламтор желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, дейді мамандар.