Аймақта халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас құтқарушылардың сайысы өтті. Аталған шара демалыс уақытында балғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Себебі, жаз маусымы басталса, өрттен-судан келетін қауіп күшейе түседі.
Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған «Жас құтқарушылар» сайысына 150-ден астам бала қатысты. Мектеп қабырғасында жасақталған ұйым тәрбиеленушілері түрлі жайттарда әрекет ету дағдыларын қаншалықты жетік меңгергендерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мақтау қағаздарымен, кубоктармен марапатталды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған шаралар легі Самал саябағында жалғасын тапты. Мұнда Өскемендегі мектеп оқушылары түрлі тапсырмаларды орындады. Кедергілер арқылы белгіленген орындарға барды. Өрт сөндіру көлігіне отырып, қызыл жалынды ауыздықтауға да ат салысты.
Балаларды қорғау күні аясында мұндай шеберлік сыныптарын өткізудегі мақсат - ең алдымен ата-аналар мен мұғалімдердің назарын жастардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыруға аудару, дейді мамандар.