А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана өз оқырмандарына «Абайды оқы, таңырқа» атты кітап көрмесін ұсынды. Әдебиеттер көрмесінде ақын Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы, абайтанушылардың келелі еңбектері мен әлем тілдеріндегі ақын шығармаларының аудармалары қойылған.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың туғанына биыл 178 жыл толды. Бұл атаулы күн елімізде мерекелік күнтізбеге енген. Абай сөзі - халқымыздың рухын асқақтатып, еңсесін түзеген аталы сөз.
Кітап көрмесінің бір бөлімі белгілі абайтанушы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне арналады. Абайтанудың нақты ғылыми пән ретінде қалыптасуында тарихи шешуші рөл атқарған жазушы Мұхтар Әуезов. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы – ақынның көзін көргендер мен өзінің естеліктері, мұрағат құжаттарынан жинақталған. Кітап экспозициясында қазақ прозасын дүниежүзі классикалық әдебиетінің биігіне көтерген «Абай жолы» туындысының орыс, ағылшын, неміс, қытай, поляк тілдеріндегі аудармалары ұсынылған.
Сондай-ақ, көрмеге келушілерге «Біздің Абай» электронды кітапханасы ұсынылады. Онда, Абай шығармалары мен әлемнің 37 тіліне аударылған басылымдар жинақталған. Бұл, жоба қалың көпшілікке ақынның шексіз әлемін танып білуге мүмкіндік береді.