Өңірдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда Өскемен металлургия кешенінің маңызы зор. Кәсіпорында бүгінде тәжірибелі мамандар еңбек етуде. Зауыттың дамуына өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі – Сұлтан Кәрімов. Оның өндірістік салада жүргеніне биыл 21 жыл. Қазіргі уақытта қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді.
Сұлтан Кәрімов осыдан 4 жыл бұрын Өскемен металлургия кешеніне бас техникалық жетекші болып келген. Еңбек жолын Риддер қаласында бастаған білікті маман бүгінде елдің жетекші кәсіпорындарының бірінде абыроймен қызмет етуде.
Әріптестерінің айтуынша, Сұлтан Кәрімов өз ісінің білгір маманы. Олқылықтарға жол бермеу үшін ол жұмысшылармен әдістемелік жұмыстар жиі жүргізеді.
 «Казцинк» компаниясы тоқсан сайын өз саласында жақсы нәтиже көрсеткен мамандарды анықтап, марапаттап отырады. Сұлтан Кәрімов – үздік еңбек қорғау маманы деп танылған. Айтуынша, мұндай шаралар қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Сайыста кез-келген азамат жеңіске жетуге қауқарлы. Ең бастысы, өзіне берілген тапсырманы тиянақтылықпен орындап, біліктілігін көрсете білуі тиіс.
Кәсіпорында 2019 жылмен салыстырғанда жарақат алу деңгейі айтарлықтай төмендеген. Өткен жылы 7 оқыс оқиға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге азайған. Жыл басынан бері 4 жағдай анықталды. Оның екеуі мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері.
Айта кетейік, Өскемен металлургия кешенінің қызметкерлеріне Аустралиядан келген 14 коучер сәуір айынан бастап көшбасшылық қабілеттерін шыңдау бойынша дәрістер жүргізуде. Бұл білікті кадр даярлауға және кәсіпорынның алдағы дамуына зор ықпалын тигізбек.