Ерлік пен елдікті ту етіп көтерген қазақ ұлтының шаңырағынан ұлттар достығы үзілген емес. Бүгінде Шығыста жүзден астам этносаралық топтар қазақ халқының құшағында бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүруде. Татулығы мен бірлігі жарасқан әр елдің өзіне тән ұлттық нақыштағы киімдерінің ерекшелігі болады. Келесі бейнематериалда ұлттардың ұлттық киімдерін қамти алмасақ та, біразын назарларыңызға ұсынамыз. Ұлттардың мәдениетін зерттеу мен салт-дәстүрін жандандырудың рөлі зор. Алғаш рет 1968 жылы мұражай-қорықтың қорына қазақ, орыс халықтарының ұлттық киімдері түсті. Кейіннен «аз санды этнотоптар және халықтар этнографиясы» бөлімі ашылған соң мұражайдың қоры әр түрлі ұлттардың ұлттық киімдерімен толыға бастаған.  Бүгінде экспозицияға он төртке жуық ұлт өкілдерінің ұлттық киімдері қойылған. Атап айтсақ, залда ұйғыр, шешен, әзірбайжан, түркімен, тәжік және өзбек халықтарының ұлттық киімдері бар.Мұражайдағы басым көпшілік заттар ғылыми экспедиция барысында сыйға тартылған. Соның бірі татар халқының ұлттық киімі. Мұражай қорында ерлер мен әйелдердің ұлттық киімінен бастап, зергерлік бұйымдары, жайнамаз, бас киімдері де бар. Тарихта армян халқының 4500 жыл бұрын пайда болғандығы айтылады. Ұлт тарихына қанша жыл болса, армяндардың ұлттық киіміне де сонша жылдың жүзі болған. Ер азаматтардың киімі жібек пен мақтадан тігіліп, түрлі түске енген. Ал шығыс және батыс қыз-келіншектерінің киімі бір үлгіде жасалған. Ұзын көйлек, және қынама белді орап тұратын жібектен жасалып, шапандары әшекеймен көмкерілген. Заман ағымына орай ұлттық киімдері өзгеріске ұшырағанымен қанық бояулы қалпын сақтап қалған. Сондай ұлттық киімдерінің бірі – тараз.«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген текке айтылмаса керек. Көріп отырғанымыздай, әр ұлттың ұлттық киімі өзінің қайталанбас ерекшелігімен көздің жауын алады. Бірі қарапайымдылығымен ерекшеленсе, енді бірі көз тартар әсемдігі ыңғайлығымен ерекше.