Глубокое ауданы Веселовка аулында «Егістік күні» ерекше форматта өтті. Шараға агроқұрылымдардың көшбасшылары қатысты. Сала мамандары өзара тәжіриебе алмасып, түрлі техникалармен танысты.
Шараны «Syngenta» компаниясы ұйымдастырды. «Егістік күні» атты ауылшаруашылығы техникалары мен құрал жабдықтардың көрмесі биыл да сәтті жалғасын тапты. Әр компания өздерінің озық техникаларын таныстырды.
Бүгінде «Syngenta» компаниясының өнімі Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие. Себебі, топырақ пен егістік алқабын өңдеуде заманауи тыңайтқыштар мен жаңа әдістемелер қолданылады.
Сондай-ақ, сала мамандары биылғы өнімнің өсімімен таныстырды. Мұнда бидай, жүгері және күнбағыс егілген. Оларды өсіру технологиясы мен дақылдарды зиянды организмдерден қорғау схемасы көрсетілді.
«Қыран Агро Шығыс» компаниясы 2020 жылдан бастап ел аумағында «ZOOMLION» ауыл шаруашылығы техникасының ресми дилері. Олар шараға үш түрлі модельдегі озық техникаларын қойған.
Шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шаруаларға іскерлік байланыстар орнатуға, қызмет барысында қолданатын жаңалықтармен танысуға мүмкіндік берді.