«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республикада 400-ге жуық білім ошағы салынады. Оның 10-ы шығыста бой көтереді. Өскеменде мектеп жиһаздарының көрмесі өтіп, отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасының құрылысын жүзеге асыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Жиынға жергілікті атқарушы органдар, сарапшылар мен мердігерлер қатысты.  «Жайлы мектеп» жобасы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға және білім беру ортасының жаңа стандарттарын енгізуге арналған. Көптілді білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – қазіргі заманның үрдісі. Соның арқасында балалар бәсекеге қабілетті болып, жаңа білім көздерін ашады. Әрбір оқу орнында психолог, логопед, робототехника, зертханалар, хореография залы, коворкинг пен спорт залдары болады. Балаларды еңбекке баулу үшін әмбебап шеберханалар да қарастырылған. Барлық талаптарға сай заманауи ыңғайлы мектеп жиһаздарын шығару да өте маңызды. Мектеп жиһазы көрмесінің басты мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жиһаз өндірісінің кәсіпкерлеріне талаптар қойылады. Соның бірі –кәсіпорынның отандық өндіруші екенін растайтын құжат.  Сондай-ақ, СТ-KZ сертификатының болуы.
Өндірушілер мен мердігерлер кездесуде тәжірибе алмасып, алдағы уақыттағы жоспарларын талқылады.