Батысы мен Шығысы, Оңтүстігі мен Солтүстігі ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр. Аналардың көз жасы тамған, батырлардың қанымен қалған киелі топырақ ел қорғаған ерлерін қашанда ұмытпайды. Бүгінгі күннің сақшылары – шекара қызметіндегілер. Осы жерде Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасы ғасыр бойы ел Шығысын қанды қол, ала көзден қорғап келе жатқанын айта кету керек. Республика күнінде жас сарбаздар Отан үшін жан аямай күресуге ант етті. Күннің ерте шуағымен-ақ сарбаздар сапқа тұрған. Бүгін маңызды күн. Мүдіріп кету, қадамнан жаңылу, қателік жасауға хақы жоқ. Әскери Ант беру әр қатардағы жауынгердің өмірінде бір-ақ рет болатын айтулы сәт. Аппақ белбеу, бірдей әскери киім, қару, «алға қадам бас». Офицерлермен соңғы дайындық пысықталды. Отанға адал қызмет етуге 250 сарбаз серт етпек. Яғни, бауыр еті баласына барын беріп, тақымын қысқан 250 жанұя 11 ай бойы ұлдары үшін дұғада. Тізілген жігіттер бастарын тік көтеріп, түзу қарап тұрса да, жүздері балбұл жайнай бастады. Таң атқалы перзенттерін көруге асыққан ата-аналар лек-лек боп кіріп жатты. Республика күніне тұспа-тұс келген ант беру рәсімі мемлекеттік Ту көтеру салтанатынан басталды. Мемлекеттіліктің маңызы атап өтіліп, құттықтау сөз жолданды. Шараның негізгі бөлімі басталып, қатардағы сарбаздар ант берді. Аудан әкімі мен Шекара басқармасының бастығы сәттілік тілеп, қолдарын алды. «Мен өз Отанымның, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант етемін» деді жауынгерлер. Алыс-жақыннан келген ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Ұлдарының амандығын, еліміздің тыныштығын ғана тілейміз, дейді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасы 1924 жылы құрылған. Бір ғасырда жуық уақытта мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыныш абыроймен өтеп шықты. Әлем картасында алпауыттар арасында өзгеден дара, шекарасы шегенделген қазақ жері тұр. Сол жерді қорғау бүгінгі жауынгерлерге аманат етіп тапсырылды. Бастысы байрақ төмен түспесін.