Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Айтулы мерекеге орай, Өскемендегі «Ертіс концерт» залында аталмыш сала мамандарының еңбегі еленіп, төсбелгілер табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады. Аймақта әлеуметтік қорғау саласында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 744-і әлеуметтік қызметкер. Олар аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге және халықтың басқа да осал топтарына қажетті көмек көрсетеді. Осылайша, үйде күтім жасау жағдайындағы қызмет көрсетумен 5073 мүгедектігі бар адам және қарттар қамтылып отыр. Салтанатты кеш барысында облыс әкімі әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлерін құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Еңбек ардагері» медалімен, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған жандар облыс әкімдігіне өз алғыстарын білдірді. Еңбегіміздің еленгеніне ризамыз дейді, сала мамандары. Айта кетейік, бүгінде өңірде көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдаудан бастап, жастарды бизнес жобалар мен стартаптарға несие беруге дейінгі ондаған әлеуметтік бағдарламалар жұмыс істейді. Тек осы жылы 323 млн. теңгеге 234 грант беру жоспарланған. 110 грант көпбалалы отбасыларға, 12-сі аз қамтылған отбасыларға, 52 грант ерекше қажеттіліктері бар жандарға берілді. Сондай-ақ, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да 36 грант бөлінген.