Бүгін Алтай ауданы тұрғындары үшін айтулы күн. Бұған дейін 5-қарашада аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатыны мәлімделген еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осыны атап өтті. Алтайдағы саяси бәсеке қалай басталғанын Данияр Қайратұлы айтсын... Комиссия мүшелері сақадай сай. Санаулы минуттар қалды. Жәшіктер қойылып, дауыс беру орындары әзірленген. Сонымен дәстүрді бұзбай Әнұранмен басталды. Уақыт. Учаске ресми түрде ашық. Алтайлықтар бұл күннің маңызын түсінеді. Таңмен таласып сайлау учаскесіне келген. Тұрғындардың сайлауға деген белсенділігі жоғары. Ең алғашқы болып келгендердің басым көбі жастар мен аға буын өкілдері. Соның бірі Ислам Марценюк. Аудан азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, дауыс беруге келдім, дейді ол. Ынта-ықылас білдірген азаматтар саны арта бастады. Науқан жағымды жағдайда өтуде. Алтай ауданында 68 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелері алдын ала дайындықтан өткен. Сайлаушылардың санына байланысты комиссияның сандық құрамы да анықталады. Әр учаскеде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден байқаушы жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы осыған дейін кандидаттарды саяси партиялар ұсына алатындығын, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну құқығы бар екенін хабарлаған болатын. Айта кетейік, пилоттық сайлау өтетін аудандар екі ай бұрын облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында таңдалған.