10 қарашада елде цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні атап өтіледі. Аймақта қазіргі таңда цифрландыру саласы қарқынды дамып келеді. Биыл облыс орталығында өңірлік it-hub ашылған болатын. Цифрландыру саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби мерекесі ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған. Бүгінгі күні бұл салада 155 мыңнан астам маман ел иглігі үшін қызмет етіп жүр. Ақпараттық технологиялар саласының қызметкерлері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыруда ел Үкіметі тың жобаларды қолға алған. Соның бірі - «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы. Ақпараттық технологияларды дамыту ісінде it-hub-ды құру маңызды рөл атқарады.Бұл орталықтар ел жастары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Айта кетейік, Өскемен IT-Hub ол «Astana-HUB»-тың шығыстағы негізгі өкілдігі ретінде іске қосылды. Жұмыс процестерін жеңілдету үшін цифрлық технологияларды қолдану қажет. Бұл бастама өз кезегінде мекемелердегі қағазбастылықты азайтып, жұмыстағы қателіктердің алдын алуға және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға сеп болады. Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан 193 мемлекет арасында электрондық үкімет бағытын дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде 28-ші орынға тұрақтады.