Шығыс Қазақстан облысы - ірі кәсіпорындар шоғырланған өндірісті өлке. Мұндағы ірі зауыттар мен түрлі кешендердің басым бөлігінде азаматтар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Бүгін Өскеменге келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек ұжымдарымен кездесті. Өндірісте зиянды еңбек жағдайында қызмет ететін азаматтарға 55 жастан бастап зейнтекерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы ақпарат берді. Кездесу барысында Светлана Жақыпова қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында берген нақты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында осындай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Өндірісте жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатқандығын да айтты. Қазіргі таңда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік деңгейін жақсарту мақсатында министрлік арнайы заңнамаға түзетулер енгізген. Қазіргі бұл құжат ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында. Бұл төлемдер жұмысшы 63 жасқа толғанға дейін төленеді. Жасы 55 толған еңбеккер өз қалауымен еңбек келісімшартын тоқтатуға немесе жеңіл жұмысқа ауысуға өтініш білдіруге де құқылы. Жұмысын одан ары жалғастырам деушілерге де кедергі жоқ. Кездесу барысында Светлана Жақыпова облыстағы кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, арнайы әлеуметтік төлемнің қалай есептелетінін түсіндірді. Сонымен қатар маңызды құжатта жұмысшыны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жолы да қарастырылған. Осыдан кейін Светлана Жақыпова облыс орталығындағы ерекше балаларға арналған «Страна Чудес» орталығының жұмысымен танысты. Облыстық Мансап орталығының қызметкерлерімен тілдесті. Аталған орталық ерікті қоныс аударатын адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлеріне тоқталды. Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы министрге толық ақпарат берді.