Ұлттық жоба «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» шеңберінде аудан ауылдарында медициналық нысандар толық жөндеуден өтіп, бірнеше ғимарат есігін ашты. Зайсан ауданы бұл шаруада өзге аудандардан озып келеді. Бұған дейін 2023-2024 жылдар аралығында облыста 36 жаңа медициналық нысан ашылатыны сөз болған еді. Ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Күрделі жөндеуден өткені қаншама. Жамбылды ауылдық елді мекен демесең, қалаға бергісіз өзіндік инфрақұрылымы бар. Жамбыл көп ауылға үлгі. Әбден ескірген емхана жаңартылып тұрғындар игілігіне берілді. Күрделі жөндеуден өткен нысан үш айдан соң тұрғындарға есігін қайта ашты. Ауылдағы ағайын дән риза. Әсіресе, бүгінге дейін өмірінің 40 жылын медицинаға арнаған ауыл тұрғыны Айткамал Ақшанова. Оның айтуынша, осыған дейінгі жылдардағы ескі ғимаратпен, ондағы жабдықталумен салыстыруға да келмейді. Бұрын тіпті ғимаратты жылыту үшін пешті қолмен жағатынмын деп еске алды. Жамбылдықтар ем-дом алатын орындары жаңартылып бір жасап қалды. Салтанатты ашылуын ұйымдастырып, шашу шашып, мәре-сәре. Енді азаматтардың денсаулығы сыр берсе, келіп сапалы қызмет алатын ыңғайлы ғимарат бар. Береке-бірлігі жарасқан ауданда өзгеріс мол. Екі қабатты ғимарат жарық әрі жылы. Кәріз, су желілері орнатылған. Таяу уақытта ем-дом шаралары бөлмелерін жаңа жабдықтармен қамту жұмысы қолға алынады. Аудан әкімдігі тұрғындар өмірін жақсарту мен сапалы медициналық қызмет көрсету ісін мықтап қолға алған. Жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.