Мәдениеті төмен елдің дамуы екіталай. Бұл ғалымдар мен оқымыстылардың айтып кеткен дәлелі. Сондықтан да Риддер қаласындағы мәдениет сарайы рухани кештердің орталығына айналған. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін бір серпіліп, кемелденетін мекеме. Алқалы жиын да, айтулы шаралар да осында өтеді. Айтылар ән мен би де осы ғимаратта шырқалады. Қалалық мәдениет сарайының құрамында алты кітапхана, он екі этномәдени бірлестігі бар халықтар достығы үйі, Риддер тарихи-өлкетану мұражайы халыққа қызмет көрсетуде. Риддер қаласының Достық үйі 2005 жылы 20 қаңтарда құрылды. Бүгінгі таңда Достық үйінде ата-бабалардың дәстүрлері мен мәдени мұраларын сақтап қана қоймай, оларды жастар арасында танымал етуге тырысатын 12 этномәдени бірлестік бар. Достық үйінде "Шеберлер қаласы" сәндік-қолданбалы өнердің шығармашылық студиясы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған "Звездочка" театр студиясы жұмыс істейді. Риддерде 20 - дан астам ұлт өкілдері тұрады. Достық үйінің жұмысы өңірдің этникалық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыру, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күшін біріктіру бойынша жалпы міндеттерді шешуге бағытталғанын айқын дәлелдеп отыр. Жақында мәдениет сарайында медиация кабинеті ашылды. Бұдан бөлек, мұнда аналар және ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ардагерлер кеңесі ел тәуелсіздігін алған кезден бастап құрылды. Ұйым әрбір ардагерге көңіл бөліп, ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесіне қатысты алқалы жиындар өткізеді. Мекеме қала тұрғындарының мәдени демалысының танымал орны болып қала береді. Оның жанында көптеген ұжымдар жұмыс істейді. Атап айтқанда, балет студиясы, балалар мен ересектерге арналған үрмелі оркестрлер, эстрадалық және симфониялық оркестрлер риддерліктерге қуаныш сыйлайды. Қазіргі уақытта Мәдениет сарайы көптеген қалалық мәдени іс-шараларға қызмет етеді. Мұндағы шығармашылық ұжымдар сан мәрте облыстық, республикалық конкурстар мен фестивальдерге қатысып, жүлдегер атанған.