Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Самар ауданына барды. Өңір әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауданды дамытуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып оған тұшымды жауаптарын ала алды. Аймақ басшысы мұндағы бірнеше нысанды да аралады. Әкім сапары жайлы Нұртас Қайролдаев рет-ретінмен. Облыс әкімі Ермек Көшербаев тұрғындармен кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы сөз етті. Бұдан бөлек өңір басшысы Самар ауданының дамуына тың серпін беретін жобалар туралы айтты. Олардың қатарында туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, интернетпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын жөндеу сынды маңызды бастамалар бар. Самар ауданында туризмді дамыту үшін қажеттінің бәрі бар. Алдымен Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы аймақты кеңейту басты мақсат. Жиында жергілікті тұрғындар облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын да жолдады. Кездесуде көтерліген мәселелердің көбі мұнда жаңадан құрылған аудан тұрғындарына қатысты. Айтуларынша азаматтар қажетті құжатты алу үшін Көкпекті ауданына баруға мәжбүр. Ал оны шешу үшін самарлықтар мұрағатты ауданға көшіріп беруін сұрайды. Бұдан бөлек, өзге де өзекті мәселелер тұрғындар тарапынан аймақ басшысына тікелей жолданды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев Самардағы басты мәселе мұнда іске асырылатын бастамаларды уақытылы қолдап, дер кезінде жүзеге асуын қамтамасыз ету екенін айтты. Тұрғындармен кездесуден соң өңір басшысы мұндағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарымен танысты.