Өскеменде ересектер арасында волейболдан «Риддер қаласы әкімінің Кубогы» үшін облыстық ашық турнир өтті. Сайыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту, көрерменнің волейбол спортына деген қызығушылығын арттыру. Тартысты додада қалалар мен аудандардан келген құрамалар өзара бақ сынады. Өңірде командалық спорт түрлері жақсы қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, волейбол. Шығысқазақстандық доп шеберлері республикалық, құрлықтық сындарда сүрінбеді. Риддер қаласының әкімдігі, спорт бөлімімен ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа да аймақтың мықты ерлер командалары жиналған. Қала әкімінің кубогі сарапқа салынған сайыста сегіз құрама өзара мықтыны анықтауда. Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Күршім, Тарбағатай және Самар аудандарының волейбол командалары тартысқа түсті. Риддер қашаннан Шығыс спортының мықты ұстаханасы саналады. Ерболат Ошақбаевтың айтуынша, жастарды спортқа тартуда атқарылып жатқан шаруа қыруар. Риддер соны дәлелдегісі келеді. Дәлелдеп те келе жатыр. Облыстық деңгейде ұйымдастыру бекер емес, дейді ол. Жеребе тартып, топқа бөлінген ойыншылар барын салды. Жүлде қоры да қомақты. Дегенмен, ресми ұйымдастырылған ойын болғанмен, ең бастысы – достық рәуіштегі бәсекелестік. Бала күнінен волейболды серік еткен жанның бірі Алексей Грохотов. Риддер қаласының ойыншысы бүгінде жігіт ағасы болса да, қызу додадан қалмайды. Өз құрамасымен ойынға құлшына келген. Ұйымдастырушылар «Үздік қорғаушы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» сыйлықтарын да беруге ниетті. Әзірге командалар үзеңгілесіп келеді. Жарысқа Самар, Тарбағатай сияқты жаңа ауданның волейболшылары әдейі тартылған. Мұндағы ниет Риддер шалғай жатқан өңірлермен байланысты үзбеу. Әсіресе, спорт төңірегінде. Риддерлік спорт саңлақтары ел деңгейінде елеулі көрсеткіштерге қол жеткізген. Әсіресе, қысқы спорт түрлерінен алдыңғы қатарда. Күрес түрлері бойынша да республикаға талай тарланды сыйлады. Риддер қалалық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Мағзұмов қалада волейболдан бастап, бокс, қол күресі, каратэ сияқты спорт түрлерінен бірнеше азия, әлем чемпиондары бар дейді. Жақсы дене дайындығы мен ептілікті, жылдам шешім қабылдауды қажет ететін спорт түріне қызығушылар қатары жыл сайын артып келеді. Оған аймақтағы волейболшылар қарқыны негіз болып отыр. Осы спорттың бас-қасында жүргендер болашақта әлем чемпиондары да шығып қалар деген сенімде.