Демалыс күндері Өскеменде дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан анағұрлым төмен. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен риддерліктер қуантты. Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы қалың. Таңертеңнен жәрмеңкеге қарай ағылған жұртшылық қап-қабымен түрлі өнімдерді әкетіп жатыр. Сауда қызып тұр. Ауданнан жәрмеңкеге 10 тонна ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді. Жәрмеңкеге 15 тонна ет, шұжық және сүт өнімдері, көкөністер мен балдың түр-түрі әкелінген. Жәрмеңкеге облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты. Өңір басшысы қалаға табиғи өнімдерді нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізудің өзектілігін атап өтіп, облыс орталығында өтетін жәрмеңке кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ыңғайлы орындар ұсынылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Облыс орталығында дәстүрге айналған сенбілік жәрмеңке қала тұрғындары үшін арзан бағамен экологиялық таза өнім алуға тамаша мүмкіндік. Әр сенбі сайын өтетін жәрмеңке халық үшін мерекеге айналғандай. Келушілер би билеп, бұл күнді көтеріңкі көңіл-күймен өткізді. Бұл шара тек азық-түлік алып қана қоймай көңілді уақыт өткізуге мүмкіндік берері хақ.