Қажетті құрылыстың басталуы көңілге жұбаныш, аяқталуы қуаныш. Бірақ, ауылдағы ағайынның қуанышы ұзаққа созылмады. Әңгіме Катонқарағай ауданына қатысты жұмыс туралы. Ауданда үш әлеуметтік нысанның құрылысы тіпті ұзаққа созылып кеткен. Себебін анықтауға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті кірісті. Катонқарағай ауданының әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, Топқайың ауылында су құбыры желілері мен құрылыстарын қайта құру жұмысын тапсыру кешіктірілуде. Жалпы құны 602 млн.теңге болатын жұмыс 2021 жылы басталған. Сол сияқты Катонқарағай ауылында құны 911 млн.теңгеден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру мерзімі кешіктірілді. Үлкен Нарын ауылындағы жабық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қолданысқа беру кестеден кешікті. Басы қарқынды басталып соңы сиырқұйымшақтанып кеткен үш нысанның да мердігері «QazConstructions» ЖШС. Бүгінгі таңда барлық үш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Мердігер ұйым директорының айтуынша, Үлкен Нарын ауылындағы нысанды іске қосуда бірқатар себеп бар. Ал, Катонқарағай ауылындағы нысанға келсек, мердігер бөлінген қаражаттың 90% -дан астамын игерді. Әйтсе де, жұмыс сапасына көңіл толмайды. Кемшіліктер көп. Сонымен қатар, есік-терезелері жоқ, жарық қосылмаған, жаяу жүргіншілерге де жол төселмеген. Отырыс соңында комитет төрағасы мен мүшелері Катонқарағай ауданының жергілікті атқарушы органдарының және облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшыларына жұмысты аяқтау мерзімдеріне қатысты ұсыныстар берілді. Жұмысты тапсыру мерзімі комитеттің келесі жиналысында белгілі болады.