Облыс орталығындағы №5 орта мектепте Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жобасы аясында шара өтті. Жиынға тыл ардагері, ұстаз Надежда Воронкова арнайы шақырылды.

Тылда еңбек еткен Надежда Воронкова 1936 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, жастайынан егін еккен. Майданға аттанғандарға көмек көрсетіп, ел үшін қызмет етеді. Кейін білім саласына бет бұрады. Өмірінің қырық жылын ұстаздыққа арнаған. Бүгінде қайтпас қайсар мінезі жастарға үлгі. Ол бейбіт аспан астында еркін өскен бүгінгі ұрпаққа артылар үміттің жеңіл еместігін айтып, ақ батасын берді.

Шараға мектеп оқушылары мен ұстаздар, тыл ардагерінің туған –туыстары қатысты. Жастар концерттік бағдарламаларын ұсынып, кештің ажарын аша түсті.

Ұстазды ұлықтауға келген еңбек ардагерлері де өз жылы лебіздерін білдірді. Солардың қатарында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері, Өскемен қаласының құрметті азаматы Жанәділ Атаев та бар.

Бұл кездесудің мақсаты – тарихты ұмытпау, жастарға ерлікті насихаттау және ардагерлерге құрмет көрсету. Аталмыш шараға мұрындық болған облыстық қорғаныс департаменті мен мектеп ұжымы.

Шара соңында мектеп ауласында «80 жылдыққа – 80 түп ағаш» бағдарламасы аясында ұстаздың шәкірттері, туыстарының қатысуымен көшет отырғызылды. Жеңістің 80 жылдығына арналған мұндай игі бастамалар Өскемен қаласында алдағы уақытта да жалғасын табады.