Алтай ауданында ауыл шаруашылығы мен туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бұдан бөлек, өңірде шағын және орта кәсіппен айналысушылардың саны артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мәлімдеді.
Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, 2028 жылға дейін жалпы құны 49,6 миллиард теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Басты бағыт – жалпы 5200 бас сауынды сиырға арналған алты сүт-тауар фермасын салу және жаңғырту. Аталған жобалардың құны 42,3 миллиард теңгені құрайды. Жыл сайын 6,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілмек.
Ал, жұмысшы мамандықтар жылына орай Алтай ауданы білім басқармасымен бірге жоба дайындаған. Аталмыш шара мектеп оқушыларына арналған.
Ауданда жылумен қамту жұмыстары да басты назарда. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан көшелерін абаттандыру мен көшет отырғызу шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 1236 тұрақты және 763 уақытша жұмыс орнын құру көзделіп отыр.