Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылында республикалық деңгейдегі «Шығыстағы Дала күні» атты іс-шара өтті. Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы алаңына еліміздің түкпір-түкпірінен шаруалар, дихандар, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары мен агробизнес өкілдері жиналды.

Егістік алқаптары мен тәжірибе алаңдарына таңғы тоғыздан бастап адамдар легі ағылды. Қатысушылар күздік және жаздық дақылдардың, соның ішінде күздік бидай, арпа, қара бидайдың жаңа сұрыптарымен танысып, олардың нақты дала жағдайындағы өсіп-өну барысын көзбен көрді. Ғылыми зерттеу нәтижелері көрсетіліп, шаруаларға нақты ұсыныстар ұсынылды.

Ербол Тасжүреков, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Бұл іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігінің мынау ақпаратты аграрийлер арасында кең тарқату бағдарламасының шеңберінде өтуде. Бүгінгі күні тұқымға өте ерекше көңіл бөлудеміз. Яғни, тұқым дегеніміз болашақта егін орақтың 40 пайыздан 60 пайызға дейінгі нәтижесі осы біздің тұқымға байланысты.

Шара аясында әртүрлі ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік ұйымдар өздерінің жаңа сұрыптары мен технологияларын көрсетті. Өсімдіктерді аурулардан сауықтыру, биологиялық тыңайтқыштар қолдану, топырақты қалпына келтіру – осы және басқа да бағыттар бойынша нәтижелі тәжірибелер көпшілік назарына ұсынылды.

Ярослав Парий, Барлық Украиналық селекция ғылыми институтының өкілі:

Біз күнбағыс, жүгері, бидай сияқты дақылдардың селекциясымен айналысамыз. Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқанымызға биыл бес жыл толып отыр. Қазір біз Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында өтіп жатқан Дала күніне қатысып отырмыз. Мұнда біздің гибридтеріміз ұсынылды. Биылдан бастап бірлескен будандарымыз сынаққа жіберіледі.

Шарада агротехникалық компаниялар да белсенділік танытты. Ірі кәсіпорындар келушілерге соңғы үлгідегі техникаларын көрсетіп, жаңа өнімдердің жұмыс істеу қағидаттарын түсіндірді.

Оралбек Оспанов, Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің директоры:

Мен өте ризамын бүгін осы араға келіп міне, жаңа техниканы көріп, жаңа нелерді көріп, опотный участоктарды көріп жүрміз. Жаңалықтар көп екен. Қарап жатырмыз біз, шет жаққа, былай жан-жағымызға. Сол жаңалықтарды алайық деп өзімізге. Неге десеңіздер бізге студенттерге беру керек қой оны. Тақтаны, өнім өсірудің барлығын үйрету керек қой.

«Шығыстағы Дала күні» агросектор мамандары үшін маңызды тәжірибе алаңына айналды. Қатысушылар тәжірибе бөлісіп қана қоймай, нақты серіктестікке жол ашты. Бұл – шаруашылық дамуының нақты көрінісі.


Талант Тұрсынов