Марқакөл өңіріндегі Игілік ауылының тұрғындары жолды жөндеуді сұрап отыр. Бұл аймақтағы аудандық маңызы бар 170 шақырым жолдың 36 километрі Боран, Игілік, Шеңгелді елдімекенді бағытында. Жұртты әбігерге салған жол жағдайы туралы келесі бейнематериалда.

Гүлбаран Қайымова Игілік ауылында тұрғалы 20 жылдан асқан. Оның айтуынша, өңірде түйткілі шешілмеген мәселе көп. Соның бірі – жолдың жағдайы.

Гүлбаран Қайымова, Игілік ауылының тұрғыны:

Енді осы Игілік ауылы біздің ауылда 60 шақты үй бар. Ешкім ешқайда көшіп кеткен жоқ Міне осы Марқакөліміз болып жатқан кезде бәріміз «Осы Игілікті, ауылды ұстап қалайық» деп жастарымыз да бар. Біздің ауылда ең көкейтесті мәселеміз осы – жол мәселесі болып тұр. Жолымыз өте сын көтермейді. Кәдімгідей трасста машинамен батып жатыр, қысты күні қарда батамыз, жазды күні құмда батамыз.

Жұлдыз Баймұхамбетова, Игілік ауылының тұрғыны:

Бұл жол бұзылғанда енді, мұнда ремонт жүріп жатыр ғой. Содан «КАМАЗ»-дар жүк тасыды. Сол камаздар жолды мүлдем бұзып кетті. Мынау қазір жақсарып қалған кезі. Осыдан он шақты күн бұрын мүлдем құм болғанда, қарға қалай батасыз, солай батасыз. Жеңіл машинамен өту мүмкін емес болды.

Ауданішілік жолдың бүгінгі халін өз көзімізбен көріп қайттық. Маусымның алтысынан бері мұнда күтіп ұстау жұмыстары жалғасып жатқаны белгілі болды. Жоспарда 4 шақырым жердің шұнқырларын жөндеп, кірме жолдарды күтіп ұстау міндеті тұр.

Қуанышбек Баянұлы, мердігер компания өкілі:

Барлық жерінің құмы шығып жатыр міне, ешқандай үстінде қиыршық тасы жоқ. Бәлембай жыл қырып тастаған. Біз сол ең «неме» деген жерлеріне ғана төгіп жатырмыз, құмы шығып кеткен жерлерге. Бұрынғы істегендер еді білмеймін қалай істегендерін. Екі жаққа қиыршық тасын шығарып тастағанда қазір таза құм ғана қалған.

Жауапты мамандардың айтуынша, аталған учаскеге жақын арада асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмейді. Десе де, жол жауаптылардың назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын қаржы бөлініп, бірқатар учаскелердің сапасы реттелген. Биыл Игілік ауылынан бөлек, Ақбұлақ, Жиделі, Жаңауыл жерінің жолдарына да күтім жасалуда. Ал өткен жылы аудандық маңызы бар жолдарды дәл осылай күтіп ұстауға 12 млн-ға жуық қаржы бөлінген.

Самат Сүлейменов, Марқакөл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы:

Иә халықтың жанайқайын тыңдап, естіп, көріп отырмыз. Келесі жылға енді жаңа айтып отырған тозығы жеткен 5 участокқа ауқымды қаражат қажет етеді. Сол жерде енді капитальный ремонт жасау керек. Қазіргі таңда бізде сметалық құжаттама дайындалуда. Жолдың основаниесіне дейін тегістеп үлкен қиыршық тастарды төсеп, соны бетіп дұрыстап тегістеп, сондай жұмыстар негізі жоспарланған. Тиісті қаражат аудан бюджетінен қарастырылады, келесі жылға сондай Боран-Игілік жолында сондай жоспарларымыз бар.

Биыл аудандағы Былғарытабыты, Қарашілік, Қарой, Қайнарлы және Ақжайлау ауылдарына қарасты жолдар ағымдағы жөндеуден өткен. Шалғайдағы Бұғымүйіз елдімекенінің кіреберісіндегі бір шақырым жолға, 2 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. Биыл да бірқатар жөндеу жобалары өз жұмысын бастады. Қалжыр ауылында 5 шақырымға жуық және Тақыр ауылында 2 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүреді деп жоспарланған. Биыл аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдарды қысқы және жазғы күтіп ұстауға 260 млн.теңге қаржы бөлінгені белгілі болды.


Дидар Ерболатқызы