Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірдегі бес колледждің білім беру бағдарламасына тоғыз жаңа мамандық енгізілмек. Енді техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жаңартылатын энергия көздері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, зоотехника және су көлігін пайдалану сынды жаңа бағыттар бойынша маман даярлайды.

Бүгінде колледждерде сұранысқа сай оқу бағдарламалары жасақталуда. Әсіресе, нарықта жұмысшы мамандарға деген сұраныс мол. Облыс орталығындағы бірқатар білім ордалары өз лицензияларын алып, жаңа кәсіп бойынша талапкерлер қабылдауды бастап кетті. Бағдарламалар жұмыс берушілермен бірлесе әзірленіп, «TALAP» ұлттық операторына енгізілді.

Исатай Исин, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің директоры:

Біз жаңа 2 мамандық ашып жатырмыз, осы екі мамандық бүгінгі таңда сұраныста. Мысалы дрон-оператор кез-келген салада қажетті. Енді біз осы дамыту үшін керекті материалдық дрондарды алдық. Дрондар регистрациядан өтіп, бүкіл Қазақстанның регионында ұша алады.

Ал, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі биыл алғаш рет «Су көлігін пайдалану» мамандарын оқытпақ. Өңірде аталған мамандарға сұраныс жоғары.

Ксения Белова, «Белалекс» компаниялар тобының қаржы және даму жөніндегі директоры:

Қазір білікті мамандарға сұраныс жоғары. 2020 жылдан бері су көлігі саласында қызмет етіп келеміз. Жыл сайын оның даму қарқыны байқалады. Өскемендік колледжде алғаш рет «Су көлігін пайдалану» мамандығы бойынша студенттерді қабылдау басталды. Бұған тоғызыншы сыныпты тәмамдаған оқушылар өтініш бере алады.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде тың бастамалар қолға алынды. Сұранысқа сай сұрыпталған салалар аймақтың дамуына серпін берері анық. Ең бастысы – еңбек нарығына бейім жас буын қалыптасып келеді.


Дидар Ерболатқызы