Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада танымал суретші-карикатурашы Айдарбек Ғазизұлымен кездесу өтті. «Астарлы ақиқат» атты жүздесуге қылқалам шеберінің ұстаздары мен замандастары, өнер және мәдениет саласының мамандары қатысты.
Айдарбек Ғазизұлы - халықаралық дәрежедегі суретші. Оның туындылары әлемнің 50-ден астам елінде өткен көрмелерде қойылып, 70-ке жуық жүлдені қанжығалаған. 130-дан астам карикатурасы Қазақстан мен шетелдің беделді басылымдарында жарық көрген. Бұдан бөлек, оның бірнеше туындысы Болгарияның Ұлттық мұражайына қойылған.
Айдарбек Ғазизұлы, суретші, карикатурашы:
Живописте, гаспте болуға болар еді. Бірақ бала жастан құлай сүйдім. Карикатурист Николай Казанцев деген болды. Соның суреттері қалайда ұнайтын маған. Менің негізгі мақсатым сол әлемдік мектепте, әлемдік деңгейде карикатураны үйреніп, соны өзіміздің ұлттық тақырыптағы суреттерге пайдалансам деген мақсат болып отыр.
Қылқалам шеберімен өткен кездесуде оның шығармашылығы мен өмір жолы жайлы кеңінен айтылды. Шара аясында шағын экспозиция қойылды. Экспозицияның мақсаты - Айдарбек Ғазизұлының мұрасын ұрпаққа насихаттап, оның еңбектеріне құрмет көрсету.
Алмас Қожым, О. Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкері:
Бұл көрме кітапхана үшін өте маңызды. Бұл кісінің жасаған суреттері, жасаған еңбектері өте зор. 53 мемлекетте жүлделі орындар алып, әрбір жазған оның суреттері астарлы ақиқатқа толы. Мағынасы терең.
Карикатурашының сурет көрмесі қала тұрғындары мен қонақтары үшін шілде айының соңына дейін жалғасады.
Кәусар Идаятқызы