«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған ауқымды бастама. Акция жайлы ақпаратқа көз жүгіртсек, 2024 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 874 шара өтті. Нәтижесінде 2 млн. тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұдан бөлек, 3 млн.-ға жуық ағаш отырғызылды. Жобаға 9 млн.азамат қатысты. Игі бастамадан Зайсан ауданының жастары да шет қалмады. «JASYL EL» жасағының сарбаздары қоғамдық орындарды көгалдандыру жұмыстарына тартылды.

Зайсан ауданында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шара жемісті іске асырылуда. Бұған дәлел аудандағы «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының ауқымды шарасы. Жастар қазіргі таңда Зайсандағы қоғамдық демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың маңын, орталық көшелерді тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартып жатыр.

Арын Қалиолла ,«JASYL EL» жастар еңбек жасағының сарбазы:

2 маусымнан бері Жасыл елде қызмет етемін.Әртүрлі тазалық жұмыстарын өткізіп, қоқыстан тазалап, өзіммен шамалас балалармен Зайсанның тазалық сақтап жүрміз.

«JASYL EL» жастар еңбек жасағына қосылғысы келетін азаматтардың қатары артып келеді. Оған бөлінген квота көлемі де ұлғайды. Осылайша, туған жердің экологиялық ахуалына бей-жай қарамайтын өрендердің саны артты. «Таза Қазақстан» акциясы тек айналадағы күл-қоқысты тазартуды көздемейді, жастарды табиғат жанашыры болуға да шақырады.

Саягүл Серік, Зайсан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

2024 жылға қарағанда 2025 жылы «JASYL EL» жасағына 70 балаға квота берілді.Квотаның бірінші маусымында 35 бала жұмыс жасаса, екінші маусымда, яғни қазіргі таңда 40 бала жұмыс жасап жүр. Көбінде ауданның экологиялық тазалығы, соның ішінде сенбіліктер өткізу,көгалдандыру жұмыстарыға саябақтарға ағаш отырғызу, ауданымыздағы саябақтарды тазалау жұмыстарында жақсы жұмыс атқарып жатыр.

Еңбек адамы – елдің тірегі. Дала төсінде маңдай терін төгіп, көктемгі егіс пен күзгі науқанның бел ортасында жүріп, тракторды тізгіндеген азаматтар да игі шарадан шет қалмады. Солардың бірі - Зайсан қаласы әкімдігінің қызметкері - Қайрат Еліков. Ол 10 жылдан астам уақыт аудан орталығында трактор жүргізіп келеді. Оның қажырлы еңбегі – «Таза Қазақстан» акциясының табысты жүзеге асуына сеп болып отыр.

Қайрат Еліков, тракторшы:

Қазіргі таңда парктерді тазалап жатырмыз. Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы, Абай паркін тазалап болдық. Закиев паркі, ауған паркі қалды.Соларды тазалаймыз. Таңғы 08:00 басталады жұмысымыз, кешкі 17:00 дейін.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға аудан жастары белсенді ат салысамыз деп отыр. Себебі, игі бастаманың болашағы зор деген пікірде.


ҚУАНЫШ АМАНТАЙҰЛЫ