Өскеменде урология және онкология саласындағы «URO-ONCO KZ: көкжиектерді кеңейту» атты алғашқы халықаралық конгресс өтті. Ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген жетекші мамандар қатысты. Конгресс аясында урологиялық және онкологиялық дерттерді диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланды.

Халықаралық конгресс – кәсіби диалог пен саланы дамытуға арналған жетекші алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жиында ғылыми баяндамалар, пікірталастар мен шеберлік сабақтары өтті. Мақсат – мамандар арасында тәжірибе алмасу және медицинаға жаңа емдеу әдістерін енгізу.

Мырзакәрім Алшынбаев, академик, ҚР штаттан тыс бас урологы:

Қазақстанның түкпір-түкпірінен урологтар, бөлім меңгерушілері, шетелдік қонақтар келді. Біздің мақсат – урологиялық және онкологиялық қызметті қалай біріктіреміз, оны жоғары деңгейге қалай көтереміз – осыны талқылау. Жиында бірқатар маңызды сұрақтарды қозғап, келешекке бағытталған жобаларды қабылдаймыз.

Жиында ерлер денсаулығын сақтау саласында көпсалалы тәсілді дамытудың маңызды жолдары қаралды. Урологияда бастапқы тексеруден бастап, онкологиялық көмекке дейінгі сұрақтар қамтылды.

Хасан Өмірзақов, Алматы қ. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкоурология орталығының жетекшісі:

Біз үш бағытты – андрология, урология және онкоурологияны – біріктірдік. Конгрестің мақсаты – урологтар және андрологтармен бірлесіп жұмыс істеу. Себебі науқастардың 90 пайызы дәл осы мамандармен кеңесіп, емделуді бастайды. Біздің ортақ жұмысымыз – пациентке көмектесу. Ерте кезеңде дертін анықтап, онкоурологтарға жолдасақ, нәтиже де соғұрлым жақсы болады.

Шара аясында мамандар урологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Клиникалық тәжірибелерімен бөлісіп, урология саласындағы инновациялық жаңалықтарды ұсынды. Мамандардың ерекше назары практикалық бөлімге аударылды. Онда қатысушылар қазіргі заманғы операциялық әдістер бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл халықаралық конгресс кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналды. Урология, онкология және хирургия саласындағы мамандар үшін жиынның берер пайдасы зор.

Саян Сағидуллин, Облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығының бөлім меңгерушісі:

Бұл – тәжірибе алмасуға, пікір бөлісуге арналған үлкен алаң. Мұнда тәжірибелі мамандар өз операциялары мен емдеу әдістерін таныстырады. Сондай-ақ, екі операциялық залда шеберлік сабақтары өтеді. Онкоорталықта Қазақстанның жетекші урологы бүйрекке лапароскопиялық резекция жасайды, ал екінші дәрігер №1 ШҚО медициналық орталығында –бүйректегі тастарды алу және емдеу әдістері бойынша практикалыұ жұмыстарды көрсетеді.

Конгресс халықаралық ғылыми және практикалық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді алаңына айналды. Алдыңғы қатарлы клиникалар мен ғылыми орталықтар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Мұндай бастамалар тек емдеу сапасын арттырып қана қоймай, урология саласында жаһандық стандарттарды қалыптастыруға сеп болады.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ