Зайсан ауданында еңбек адамдарының қажырлы еңбегін ұлықтайтын ерекше мереке – Шопандар тойы аталып өтті. Бұл күн – ата кәсіпті жалғастырып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан еңбеккерлерге қошемет көрсетілетін айтулы шара. Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 95 мыңнан астам ірі қара, 111 мың қой-ешкі, 45 мың жылқы және жүзден аса түйе өсірілуде.
Зайсанда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аудандағы қожалық иелері өңірдің экономикалық көрсеткішінің артуына сүбелі үлестерін қосуда. Түрлі бағыттың тамырына қан жүгіртіп отырған олар, туған жердің әлеуетін арттыруды басты мақсат еткен. Жайлаудың төрінде өткен салтанатты шараны Қаратал, Сартерек, Дайыр ауылдық округінің әкімдіктері ұйымдастырды.
Мереке Сайранов, Қаратал ауылдық округінің әкімі:
Бұл Шопандар тойын өткізудегі негізгі мақсатымыз – Мемлекет басшысының Еңбек адамы бастамасын іске асыру мақсатында, мал басы санын арттыру ісінде аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды қуанту мақсатында өткізіп жатырмыз.Бұл іс-шара осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатыр.
«Жазық қора» жайлауында киіз үйлер тігіліп, дала салтына сай дастарқан жайылды. Қазан-қазан ет асылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Жиналған қауым мерекелік концерт тамашалап, спорттық сайыстарға қатысты.
Марат Уәли, Зайсан аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Аудан әкіміне рахмет, соңғы 1-2 жылда Шопандар тойын қайтадан тойлатып, жаңғыртып жатыр. Бұл еңбеккерлерге көп септігін тигізеді.Оларды келіп құттықтау үлкен серпін береді.Көңіл-күйін көтереді.Биылғы жыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмысшы мандықтар жылы» деген. Еңбеккерлерге көп көңіл бөлуіміз керек.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – ауыл тұрғындарының береке-бірлігін арттырып, атакәсіпке деген ынтаны күшейтуге бағытталған бастама. Жыл он екі ай мал соңында жүрген еңбек адамдары, малшылар қауымы бұл күні сый-құрметке бөленді.
Шопандар тойын «Мәтіғұл» жайлауында Шілікті, Кеңсай, Біржан, Айнабұлақ ауылдық округтері мен Зайсан қала округі бірлесіп атап өтті. Бұл күні салт-дәстүр қайта жаңғырды. Жиналған қауым көкпар, аударыспақ, бәйге, арқан тарту сынды ұлттық ойындарды тамашалап, дала рухын сезінді.
Қалибек Алтыбаев, Зайсан ауданының құрметті азаматы:
Еңбек адамының еңбегін бағлап, осылай бастарын қосып,еңбегінің жемісін көргендей қылып қорытындылап халыққа әйгілеудің ерекше маңызы бар деп ұғамын. Келешекте мұның пайдасы да бар. Еңбек озаттары марапаттап жатыр аудан әкімі. Олардағы еңбегінің жемісін көргеніне қуанады ғой.
Советхан Сәлиев, Зайсан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Шопандар тойының өтіп жатқанына алғыс білдіремін. Бұл егеменді Қазақстанымыздың арқасы. Тойымыз тойға ұласа берсін. Халқымыз қуатты, күніміз шуақты болсын.
Шопандар тойы бұл – жай ғана мереке емес, жыл он екі ай мал соңында жүрген азаматтарға деген шынайы ризашылықтың көрінісі.
ҚУАНЫШ АМАНТАЙҰЛЫ