Су – өмірдің өзегі. Тіршілік нәрімен зайсандағы егістік алқаптарын, аудан тұрғындарын тұрақты қамтып отыру аса жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада кәсіби шеберлікте маңызды рөл атқарады. Сондай жандардың бірі - қажырлы еңбегімен өзгеге үлгі болып жүрген Бейімбет Қасенов. Бейімбет Жеңісбекұлы адал еңбек – адамды тәрбиелейді, жауапкершілік пен тәртіпке үйретеді. Бұл – жас ұрпаққа үлгі боларлық өмір салты, деген пікірде. Мемлекет те еңбек адамын елеусіз қалдырмады. Бейімбет Қасенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.
Бейімбет Жеңісбекұлы – Зайсан ауданы, Сартерек ауылының тумасы. Ол су шаруашылығы саласында 24 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Бүгінде ол – Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының су беруді реттеушісі. Бейімбет Жеңісбекұлының жұмыс күні «Кендірлік» су қоймасындағы жағдайды бақылаудан басталады. Тіршілік нәрін ауылдық округтерге қажетті мөлшерде баруын күн-түн демей, ауа райының тосын мінез танытуына қарамастан қамтамасыз етеді.
Бейімбет Қасенов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ Зайсан аудандық өндірістік учаскесінің су беруді реттеушісі:
Осында су реттуші болып 24 жыл істедім. Өз жұмысым өзіме ұйнайды. Қазсушарға жастарды жұмысқа алып жатырмыз.Оларға су тасыған уақытта қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп жатырмыз.Оларда үлкен марапатқа ие болып,біздің жолымызды бассын.
Су шаруашылығындағы үздіксіз еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы үшін Бейімбет Қасенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. Бұл – тек жеке марапат емес, еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі. Бейімбет Жеңісбекұлы ұжымда сый-құрметке ие. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі маман ретінде бағалап, әрдайым үлгі тұтады. Оны кез келген жағдайда ақыл-кеңес беруге даяр, үнемі қолұшын созуға әзір тұлға ретінде таниды.
Бақытжан Наққажин, «Қазсушар» РМК ШҚОФ Зайсан аудандық өндірістік учаскесінің бастығы:
Бейімбет өзжұмысына адал, қандай жұмыс тапсырсаңда адал атқарып, жұмысын тыянақты атқарады.Семьясында бақытты өмір сүріп жатқандардың бірі. Ұжымда беделді, барлығы сыйлайды.Бейімбеттің арқасында 5 ауылдық округ шаруашылықтары егіндерін суарып, қазіргі уақытта егіндеріп суарып жатыр.
Мемлекет басшысының қолынан марапат алу – әр азамат үшін үлкен мәртебе. Бұл сәт Бейімбет Жеңісбекұлының есінде мәңгі сақталары анық. «Еңбек даңқы» орденінің иегері атану - Бейімбет Қасенов үшін өмірінің бір белесі. Бұл – еңбектің еленген, маңдай тердің ақталған шағы.
Бейімбет Қасенов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ Зайсан аудандық өндірістік учаскесінің су беруді реттеушісі:
Басында сенген жоқпын. Бастығым медаль аласың деп айтты. Мен оны Зайсанда береді деп ойладым. Бірақ,бастығым Астанаға барасың деді.Әр адам қобалжиды ғой. Содан бардым. Бір жағынан 24 жылғы еңбегімді ақтадым ба деп ойлаймын.
Су – тіршіліктің көзі десек, оны елге жеткізу жолында тер төккен Бейімбет Жеңісбекұлының еңбегі ескерусіз қалмады. Президент қолынан алған марапаты – жылдар бойғы маңдай тердің әділ бағасы. Елге қызмет ету – оның басты ұстанымы.
ҚУАНЫШ АМАНТАЙҰЛЫ