Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған қазақ күресінен халықаралық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға келген балуандар өзара кім мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Бекбосынов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанәділ Атаев пен Қасым Қайсеновтың туыстары, спорт ардагерлері қатысты.
Асубұлақ кенті қазақ күресінің талай саңлағын түлеткен киелі мекен. Қазақ күресі федерациясының шығыстағы төрағасы Қайрат Маскенов те осы ауылдың тумасы.
Қайрат Маскенов, ШҚО қазақ күресі федерациясының төрағасы:
23 жасқа дейін жастар арасында 8 салмақ дәрежесі және «Өгіз балуан» мен «Түйе балуан» ересектер арасында жасап отырмыз.
Барлығы 150-ге жуық спортшы бақ сынаған турнир биыл алғаш рет өтті. Ұйымдастырушылар балуандар бәсекесін алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Жанай Ибраев, бапкер (Ақмола облысы):
Ақмола облысы Аршалы ауданынан келдік осы жарысқа. 9 балуанмен келдік, қатысып жатырмыз. Балаларымыздың алды жүлделі орындарға ілініп жатыр. 55 келіде ақтық бәсекеде екінші орынға ие болды. 66 келіде қола жүлдеге ие болдық. Қазір 100 келіге күресіп жатыр әлі. Еще «Түйе балуанға» балуандарымыз күреседі.
Қазақ күресінің көршілес мемлекеттерде танымалдылығы артып келеді. Әсіресе, Моңғолиядағы балуандар біздің елде өтетін жарыстарға тұрақты түрде қатысады.
Сапар Шерияздан, бапкер (Моңғолия):
Өткен жылы мына Түркістан қаласында болған Азия чемпионаты Қыжымұқан Мұңайтпасов турниріне келгенбіз. Одан Шымкентте бір жарыс болды. Мынау менің үшінші келіп тұрған жарысым. Шығыс Қазақстан бізге ұнап жатыр. Жарыс жақсы өтіп жатыр.
Қасым Қайсеновті еске алуға арналған турнирде Абай облысының құрамасы үздік атанды. Өңір құрамасы екінші орынға тұрақтаса, Ақмола балуандары үздік үштікті қортындылады. Ал, «Түйе балуан» бәсекесі тартысқа толы болды.
Саят Шәмшиев, турнир жеңімпазы:
Қазақстанның атын шығарып, туын көтеріп жүрген белді балуандар болды. Өзім 4 белдесу өткіздім. Ақтық сында Ерасыл Қажыбаевпен күрестім. Енді, бағым жанып, асығым алшысынан түсіп, жеңіске жеттім.
Турнир «Алас» этно-фольклорлық ансамблі мен өңір өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Кәусар Идаятқызы