Самар ауданында инфрақұрылымдық маңызды мәселе өз шешімін тапты. Туристтердің сүйікті мекеніне айналған Бұқтырма су қоймасының жағалауында жаңа электр желілері бой көтермек. Бұған дейін жекенің меншігінде болған электр желілері мемлекет қарамағына өтті. Бұл қадам жарық беру сапасын тұрақтандырып, тарифті төмендетуге мүмкіндік береді. Ендігі кезекте – демалыс орындарындағы ұялы байланыс пен интернет мәселесі шешімін таппақ.
Бұқтырма су қоймасының Самар жақ жағалауы - өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Таза суы, жұмсақ құмы мен жайлы жағалауы көпшілікті өзіне тартары сөзсіз. Ресми маусым әлі ашылмағанымен, мұнда келушілер легі аз емес. Өскеменнен арнайы келген Наталья Бабичева демалыстың көңілден шығатынын жеткізді. Дегенмен, оның айтуынша, ұялы байланыс пен интернеттің болмауы біраз қолайсыздық тудырып отыр.
Наталья Бабичева, Өскемен қаласының тұрғыны:
Көп азаматтар алыс жолдан келгеннен кейін жақындарымен байланысқысы келеді. Алайда мұнда байланыс нашар. Ұялы телефон мен интернеттің болуы өзекті мәселе.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері аталған мәселенің жақын арада шешімін табатынын айтады. Жоспар бойынша, шілде айына дейін жағалау толықтай ұялы байланыспен қамтылмақ. Операторлар қажетті инфрақұрылымға өз қаражатын салуға дайын. Болашақта мұнда инфрақұрылымды жақсартып, қысы-жазы жұмыс істейтін демалыс орынын құру жоспарда.
Ұзақ жылдар бойы демалыс орындары иелерінің басты мәселесіне айналған электр тапшылығы да өз шешімін табуда. Бұрын электр энергиясын жеке меншік желілер қамтамасыз еткен. Кернеу тұрақсыз болып, жарық жиі сөнетін. Енді бұл желілер мемлекет қарауына өтті. Жоба құны — 110 миллион теңге.
Былтыр Самар ауданында 15 мыңнан астам турист демалған. Егер жарық, байланыс және интернет мәселесі толық шешілсе, демалушылар саны артады. Бұл жаңа жобаларға да жол ашады. Келесі екі жылда мұнда жаяу жүргіншілерге арналған Арбат, жыл бойы жұмыс істейтін қонақүй, субұрқақтар мен үлкен концерттер өтетін амфитеатр салу жоспарда бар. Бұл — аймақтың туризм саласын дамытуға арналған ауқымды жоспарының бірі. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде ШҚО-да туризмге 15 миллиард теңге инвестиция салынған. Егер бастамалар жүзеге асса, бұл сала өңір экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналмақ.