«Jasyl el» жасағының сарбаздары өңірдің барлық аймақтарында іске кірісті. Күршім ауданында жас экологтар көшелерге гүл отырғызып, аулаларды күл-қоқыстан тазалап жатыр. Игі бастамаға әріптесім Қымбат Иманғалиева да барып қайтты.

«Жас келсе іске демекші» туған өлкені күл қоқыстан тазарту, аймақты абаттандыру – еңбек жасақтарының негізгі мақсаты. Белсенді жастардың үстіндегі жасыл түсті форма – осыны айғақтайтын тәрізді. Бекарыс Сиғатолла мұндай жобаға алғаш қатысып отыр. Ол қоршаған ортаның тазалығына баса мән береді. Халық көп жағдайда өзі тұрып жатқан мекеніне немқұрайлы қарайды, дейді жас эколог.

Биыл ауданда аталмыш жоба негізінде 50 жасаққа қаражат қарастырылған. Алғашқы топта еңбек етуге 29 жас тіркелді.

2005 жылдан бері елімізде жүзеге асырылған бұл бастама сәтті орындалып келеді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қоса отырып, жалақы алу жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Қатарластарынан қалмай келген Ернұр Оқасов еңбек ақысын өз пайдасына жаратпақ.

 «Jasyl el» жасағының екінші ауысымы шілде мен тамыз айында жұмысқа кіріседі. Жобаға кез келген 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.