Марқакөл ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл тағы да бірқатар отбасы баспаналы болды. Олардың арасында кезекте тұрғандар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар бар.

Аудан тұрғындары көптен күткен баспаналарына қол жеткізгендеріне қуанышты. Жаңа үйлерде жайлы өмір сүруге барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және ауылдық аумақтарды дамытуға да елеулі үлес қосуда.

Марқакөл халқы үшін жағымды жаңалық осымен аяқталмайды. Себебі, биыл тағы төрт үйдің құрылысы жүріп жатыр. Баспаналарды келер жылы бұйрыққа сәйкес үлестіру көзделуде.

Бұдан бөлек, мамыр айынан бастап Марқакөл ауылынан облыс орталығы Өскеменге тікелей қатынайтын автобус рейсі іске қосылды. Осылайша ауыл тұрғындары көптен күткен маңызды мәселе өз шешімін тапты.

Жолаушылар автобусы күн сайын қатынайды. Әсіресе, шалғай ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Бүгінге дейін жұртшылық қалаға жету үшін біраз сандалған көрінеді.

Жаңа бағыт - ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға да серпін береді.