Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде облыстық прокуратураның бастамасымен «Заң және тәртіп: өзара іс-қимыл мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің басымдықтары» тақырыбындағы кеңейтілген форум өтті. Ауқымды шараға облыс әкімі, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер қатысты.

Форум Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының алдағы кеңейтілген алқасына дайындық аясында ұйымдастырылды. Күн тәртібінде – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Аймақ басшысы құқық қорғау саласына бөлінетін қаржының жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Биыл облыстық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қолдау.

Форум аясында жастар да өз жобаларын ұсынды. №39 мектеп оқушысы Әлия Жеңісбекова – «Мектепке қауіпсіз жол» жобасын таныстырса, Самар ауданынан келген оқушылар – қауіпті нысандардың бірыңғай электронды картасын әзірлеген.

Соңғы он жылда Шығыс Қазақстанда жалпы қылмыс деңгейі төмендегенімен, биыл интернет-алаяқтық 30 пайызға, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 23 пайызға артқан. Осыған орай өңірде Киберпол құрылып, алаяқтардың есепшоттарын бұғаттайтын цифрлық платформалар іске қосылған.

Шара соңында қатысушылардың он төртіне “Шығыс Қазақстан облысында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін” марапаттар мен кәдесыйлар табысталды. Осындай форумдар еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасады. Мамандардың айтуынша, мұндай шара – қауіпсіз және әділетті Қазақстанды құрудағы басты алғышарттардың бірі.