Түбіртектерді сканерлегеніңіз үшін сыйақы аласыз. Осындай пилоттық жобаны өткен жылы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті қолға алған болатын. Бірнеше өңірде жүзеге асырылған бастама оң нәтиже беріп, биыл қайта жанданды. Бұл жоба тұтынушылардың құқығын қорғап, көлеңкелі экономиканың алдын алуға септігін тигізеді. 15 сәуірден басталған «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасы шағын және орта бизнес өкілдері берген фискалдық түбіртектер бойынша сыйақылар төлеуге бақытталған.

 «Salyq кэшбэк» жобасына қойылатын міндеттері мен талаптары туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері арнайы жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әмиан қосымшасының артықшылықтарына тоқталды. Оған жеке кәсіпкерлер мен өзге де сала мамандары қатысты.

Пилоттық жобаға кез келген адам қатыса алады. Бастысы көрсетілген қызмет не болмаса жасаған саудаңыз үшін төленген қаржыны мақұлдайтын фискалдық түбіртек алу жеткілікті. Осы чекті сканерлеу арқылы әр сатып алынған сомманың 2 пайызын сыйақы ретінде ала аласыз. «Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады. Мамандар кәсіпкерлерді әрбір сатып алушыға фискалды чек беруге шақырады. Бұл тұтынушы құқығын қорғауға ықпал етеді.

Пилоттық жоба салық жүйесінің жұмысын нығайтады. Сатушы мен сатып алушының жауапкершілігін арттырып, көлеңкелі экономика қатерлерін азайтуға ықпал етеді.