Атом энергетикасы еліміздің тұрақты болашағының бір бөлігі. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Халықаралық атом энергиясы агенттігінің өкілдерімен кездесу өтті. Сарапшылар оқу орнының ғылыми-зерттеу базасымен танысып, ядролық физика саласына қажетті мамандарды даярлаудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Университетке арнайы келген Халықаралық атом энергиясы агенттігінің өкілдері С. Аманжолов университетінің ядролық физика бағытындағы оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының жұмысымен танысты. Шет елдік мамандардың С. Аманжолов университетіне ат басын бұруы бекер емес. Себебі, мұнда «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Қазақстандағы АЭС құрылысының жобасы – салаға қажетті кадрларға сұранысты арттырып отыр. Мамандарды даярлау жоғары оқу орындары үшін жаңа серпін болмақ.
Кездесу барысында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, білім беру бағдарламаларының мазмұны, қос дипломды оқыту және STAR-NET желісі бойынша серіктестік мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстанның ядролық ғылым саласындағы жетекші сарапшылары қатысты.
Қазақстан атом саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бел буып отыр. Amanzholov University тәжірибесі – осы бастаманы іске асырудың жарқын үлгісіне айналып отыр. Халықаралық әріптестік пен заманауи білім беру – ел болашағына салынған сенімді инвестиция.