Облыс орталығында Алтай ауданының мәдени күндері басталды. Игі дәстүрге айналған жоба шеңберінде ұйымдастырылатын шарлар легі ауқымды. Алғашқы бастамалардың бірі «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы. Айта кетейік мәдени күндер аймақ басшысы Ермек Көшербаевтің тапсырмасымен «Туған жер-алтын бесігім» жобасы аясында іске асырылып жатыр. Ел игілігі үшін еңбек етіп, аймақтың дамуына сүбелі үлесін қосқан ардагерлерді ардақтау парыз.Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев, жергілікті мәслихат төрағасы Лариса Гречушниковамен бірге Өскемен қаласының тұрғыны Михаил Головатюктің үйіне барып, ардагердің отбасымен кездесті. Михаил Головатюк 1927 жылы 15 қарашада Ресейдің Иркутск облысы, Кутулин ауылында дүниеге келген. 1944 жылы қарашада әскер қатарына шақырылып, 579-ы атқыштар полкінің құрамында Жапонияға қарсы ұрысқа қатысқан. 1952 жылдан бері Өскемен қаласында тұрады. Михаил Яковлевич отыз жыл қорғасын-мырыш комбинатында – қазіргі «Қазцинк» АҚ балқытушы болған. Үш ұлы бар. Үш ұлынан төрт немере, бес шөбере, үш шөпшек сүйіп отыр. Алтай ауданының әкімі шара аясында Өскемендегі тоғыз тыл және соғыс ардагерлерінің үйіне барып, сый-сияпатын жасады.