Өскеменде зерттеуші-өлкетанушы, ардагер Андрей Потаповтың өмірге келгенінен жүз жыл толуына орай "Гвардеец" кітабының тұсаукесері өтті. Хаты өлмейтін ғалымның еңбектері әлі күнге дейін облыстық мұражайдың құнды құжаттарының қатарында тұр. Зерттеушінің зерделі өмірі туралы сюжеттен көрейік... Жазушы, өлкетанушы Ирина Дурново зерттеуші Андрей Потапов туралы кітап жазуды қолға алған болатын. Бірнеше жылға созылған қажырлы еңбектің арқасында Андрей Потаповтың соғысқа қатысқан жерлес батырлар туралы құжаттары жиналды. Зерттеу жұмыстары да жүргізілді. Ол бірнеше елдің мұрағаттарынан, мұражайлар мен кітапханаларданн мәлімет алып, өшпес ерлік танытқан жауынгерлердің соғыс жағдайындағы өмірін қағаз бетіне түсірген. Тарихшылар мен өлкетанушылардың көбі бір дүние жазу үшін әлі күнге дейін Андрей Потапов жинаған ақпаратқа сүйенетін көрінеді. Баға жетпес құжаттар облыстық архивтің қорында сақтаулы. Зерттеуші жайлы кітаптың бірнеше данасы облыстағы кітапханаларға табысталды. Бұл – тарихқа қызығатын кез-келген адам үшін үлкен олжа. Жаңа кітапта соғыста ерлік көрсеткен жерлестер туралы мол ақпарат бар. Андрей Потаповтың тың дүниесі оқырманға батырлардың батылдығымен етене танысуға мүмкіндік береді.