Облыстағы Мемлекеттік еңбек инспекциясы биыл қаңтар-қараша айларында атқарған жұмысына есеп берді. Еңбек инспекциясына азаматтардан 1500-ге жуық өтініш түскен. Өндіріс орнында 104 адам түрлі жарақат алған. Арты адам шығынымен аяқталған деректерде бар.Бұл туралы салалық басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Ерғазинов мәлімдеді. Биыл еңбек инспекциясының атқарған жұмысы біршама. Мәселен, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторларымен 1479 өтініш қаралған. Еңбек қатынастарына қатысты – 1471, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 8 өтініш. Бұдан бөлек, дөңгелек үстел, баспасөз, конференциялары да уақытылы ұйымдастырылып отырған. Өндірістік жарақаттанудың жалпы деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 34,2 % ға, өлімге әкелетін фактілер 42 % ға төмендеген. Әлеуметтік еңбек қатынастарының ең тиімді тетігінің бірі – ұжымдық шарттар. Сондықтан, кәсіпорындарда осындай құжаттың болуы аса маңызды. Кәсіпорындарда жалақы төлеудің уақыты мен толықтылығына тұрақты мониторинг жүргізіліп, ондағы мәселелер комиссия отырысында қаралған. Ал, мекеме мамандарына жеке сұрақтар бойынша 1313 азамат жүгінген.